Баланы еңбектеуге үйретудің 5 көңілді тәсілі

Баланы еңбектеуге үйретудің 5 көңілді тәсілі

19.03.2014

Егер Сіз сәбиіңізге маңызды машық – еңбектеуді игеруде көмектескіңіз келсе, оқулықтарға қарамау керек. Балаға еңбектеп үйрену үшін уақыт қажет, ал Сіздің қолдау көрсетіп, ынталандырып тұрғаныңыз бұл қиын істе оған табысқа жетуге көмектеседі.

Бөбекке төрт аяқтап тұруға көмектесу туралы бес кеңес:

1. Екпетінен жатамыз

Анасының қарауында баланың екпетінен жатқызылуы – бұлшықеттерді қатайту мен дұрыс даму үшін ең жақсы жаттығу. Ішіне жатып еңбектеу сәбидің көру қабілетінің дамуына зор маңызы бар, сондай-ақ оған денесінің оң және сол жақтарының арасындағы байланыс пен өзара әрекеттесуін түсінуге көмектеседі.

Баланы екпетінен жатқызбас бұрын, Сіз таңдап алған жер қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Егер еден ағаштан жасалған болса, балаңыз тікендер кіргізіп алмас үшін оған кілемше немесе ақжайма төсеп қойыңыз.

Едендегі көрпеше немесе ақжаймалармен бірге баланың үстіндегі киімі көп болса, баланың қимылы шектеліп, сол себептен оған еңбектей бастау қиынға соғуы мүмкін екенін ескергеніңіз жөн. Үйді жылы ұстаңыз, ал балаға еденге жақсы жабысып жүруді қамтамасыз ету үшін еден үстінен артық нәрсенің бәрін алып тастаған дұрыс.

Сондай-ақ баламен бірге еденде жатып, онымен көз байланысын ұстап тұрған пайдалы. Егер сәби өзі жақсы көретін ойыншықтарының ортасында отырса және Сізді кез келген уақытта көріп отырса, ондай жерде ол өзін әткеншекте, креслода немесе қолда жүргендей көңілді сезінетін болады.

2. Ыңғайлы еңбектеу

Бала екпетінен жатқанда оның қасына отырыңыз да, бір аяғыңызды созыңыз. Баланы ол Сіздің аяғыңыздың үстінде төрт аяқтап тұратындай орналастырыңыз. Аяғыңыздың басқа жағынан баланың сүйікті ойыншығын қойып қойыңыз – бұл ыңғайлы тұрыс балаға еңбектеу мүмкіндігі туралы ойлануға көмектеседі.

3. Балаңызды ойыншықтармен қызықтырыңыз

Балаңыз екпетінен жатып жаттығып жатқанда, оны сөздермен және сүйікті ойыншықтарымен қызықтырыңыз. Сәбиден бір-екі қадам қашықтықта отырып, ойыншықты алыңыз да, баланың атын атап шақырып, ойыншықты баланың алдында біраз қимылдатыңыз. Бала ойыншыққа қарай еңбектеп талпынған әрбір кезде оны мақтап қойыңыз – баланың өзіне деген сенімі арта түседі.

4. Бөбекке көмектесіңіз

Балаға еңбектеуге көмектесу үшін мына тәсілдердің біреуін көріңіз.

Орамал: бала үшін ең қиыны – жердің тартылыс күшін жеңіп шығу. Орамалды орап, сәби екпетінен жатқан кезде, оның кеудесінен өткізіп, астына салыңыз. Орамалдың екі ұшынан ұстап, баланы ақырындап көтеріңіз. Оны өз салмағының ауырлығын сезбейтіндей, бірақ қозғала алатындай етіп ұстаңыз.

Қолдар: балаға көмектесудің тағы бір амалы – өз алақандарыңызды баланың табанына тіреп тұру. Бұл сәбиге алға қозғалған кезінде итерілуге мүмкіндік береді.

Кітап немесе шағын қорап: баланың алдына үлпектердің жеңіл қорабын немесе кішігірім кітапты қойып қойыңыз да, оған баланың қолдарын қойыңыз. Қозғалғанда оның қолдарының астындағы зат жылжып, оған қозғалудың мәнін түсінуге мүмкіндік береді.

5. Кедергілер тудыру

Бала екпетінен жатып, ішімен жорғалауға үйренгенде, оның міндетін қиындатыңыз – жан-жағына көпшіктер мен жұмсақ ойыншықтарды қойып тастаңыз. Бала мен Сіздің араңызда кедергілер жататындай, бөлменің басқа жағына отырып алыңыз – бұл баланың Сіз жаққа еңбектеуіне себеп болады.

Бөгеттерден өткен сайын бала төзімділігін, көру машықтарын және қимылдарын дамытады.
Әдетте, балалар 6 айдан 10 айға дейінгі жаста еңбектей бастайды, алайда кейбір бөбектер мүлдем еңбектемейді, және де бұл қалыпты нәрсе. Олар еңбектеу кезеңін тастап өтіп кетеді, бірақ тез-ақ тұрып, жүріп үйреніп алады.

Еңбектеп үйрену – ұзақ әрі оңай шаруа емес, сондықтан балаңыз әлі ондайға дайын болмаса, көңіліңіз бұзылмасын. Дамудың әр сатысы уақытты талап етеді, сол себепті шыдамдылық танытып, сәбиіңіздің жетілгенін күтіңіз.

Сізге де ұнамды болуы мүмкін:

Кішкене үшкіл жаялықтар

Pampers Premium Care жөргектері

Pampers Premium Care – бүлдіршіннің терісін мінсіз күйде сақтауға көмектесетін өнімдік қасиеттерінің бірегей үйлесімі.